@Boss.bb инстаграм парақшасының бейнебаянды әзілге салып, ерекше беру тәсілі қалың жұртшылықты қызықтырды. Олар бейнебаянды не жайында түсіріп, қандай тәсілдерді қолданады? Осы және өзге жайттар төменгі материалда.
- Инстаграмда әзіл бейнебаяндарды жасау идеясы қайдан келді?
- Негізі, біз осындай бейнебаяндарды түсіріп, xалықтың назарын аударамыз деп ойламадық. Бірінші бейнебаянды түсірген кезде жай ғана серуендеп жүр едік, сөзден сөз шығып мұсылман бауырларымыздың арасындағы проблемаларды жұрт алдында көтере алатындығымызға көзіміз жетті. Сол сәттен бастап бейнебаяндарды түсіріп кеттік. Әзілдерімізге қатысты елдің пікірін естіп, мұсылмандар жайлы қоғамдық көзқарасты өзгертуге бел будық. Менің инстаграм парақшамның басты идеясы – орамал таққан әйелдің басқа да әйелдермен қатарлас теңдей адам екендігін дәріптеу. Парызым – осы сөздерді xалқымызға толықтай дұрыс жеткізу. Ойлап қарасам, мен исламдағы әпке-сіңлілеріме осылайша тура жол көрсете алады екенмін. Неге жүзеге асырмасқа? Онсыз да олар Жаратушымыздың бұйрығын орындап жәннәтқа ұмтылып жүр. Себебі, ислам шариғатына сай орамал тағу – Аллахтың тікелей бұйрығы. Ал оны насихаттау әрбіріміздің міндетіміз. Исламға толықтай келмеген, орамал тағуға қорқынышы бар қыздарға кім жәрдем бере алады? Сондықтан да мен осындай қадамға бардым.
- Дін мен әзілді қалай бірге ұштастыруға болады? Көбінше мұндай әрекетті мүмкін емес деп жатады...
- Дін мен әзіл ұштаспайды. Бірақ мұсылмандарға әзілдеуге ешкім тосқауыл қоймаған шығар? Қателессем, кешірерсіздер. Өзге адамдар бізді исламды келеке етіп жатырсыңдар дейді... Алайда, біз бірде-бір бейнебаянымызда, сөзімізде ислам дінін келеке етпедік, дінімізге кір келтірмедік. Әзілдейтін тақырыптарымыздың ортақ мәселесі – адамның жаман қасиеттері. Адамның ешқайсысы кемшіліксіз пәк болмайды, оны мойындамайтын тек надан ғана. «Дін» мен «мұсылман» деген ұғымдарды ажырата білуіміз қажет. Исламда кемшілік те, қателік те жоқ.
- Ислам дінін ұстанушылар тарапынан сыни көзқарастар болды ма? Сіздер оларға қалай жауап бердіңіздер?
- Әрине, болды, болғанда қалай. Мұсылман бауырларымыз ауыр сөздерімен жылататын кездерді басымыздан талай өткердік. Алайда көп қыздар сол кикілжің сәттерді елемей, өздерінің xабарламаларында бізге қарап орамал таққандарымен бөлісіп, заманға сай xиджабты сәндеуге болатындығына көз жеткізгендерін айтып отырады. Көбінесе біз бейнебаяндарымыз арқылы сұрақтың орындылығына қарай жауап береміз, кейде әзілдеп те қоямыз, бір кездері пікір таласып та кететініміз бар. Қазір адамдардың дөрекілігіне құлақ аспайтын болдық. Өйткені тәрбиелі адам өз пікірін жаман сөздермен білдірмейді. Ол мұсылманшылыққа жат қасиет деп білемін.
- Бүгінде орамал таққан қыздарға қатысты екіұдайлы пікір қалыптасқан. Бірі қолдаса, екіншісі қарсы шығады. Сонда қазақ қызының келбеті қандай болу керек?
- Ол пікірлерді көріп те, оқып та жатырмыз. Мен бәрінің басына xиджаб кигізіңдер деп айтпаймын. Әрбір қазақ қызы тура жолға өз қалауымен келуі қажет. Бірақ қазақтың кызы көшеде бір жапырақ матаны денесіне жабыстырып киіп жүргенін қаламаймын. Әр заттың жөні де, орны да бар. Сондықтан біз қоғамда намысшыл, ұяты бар, заманға сай сәнді, ибалы, сыпайы қазақ қызының образын орнату үшін барымызды саламыз.
- Бейнабаяндарды қалай түсіресіздер? Сценарийді кім жазады? Кім түсіреді?
- Біздің бейнабаяндарды түсіру үшін камера, режиссер, актерлердің қажеті жоқ, сценарийді де жазбаймыз. Тек шабытымыз келіп, көңіл күйіміз жақсы болса, өмірдегі бір жағдайға пародия етіп ойнаймыз. Бейнабаяндарды қолымыздан келгенше түсіріп, өңдеп, парақшамамызға саламыз. Еш қиыншылығы жоқ. Бастысы – оқырмандарымызға ұнайды.
- Жалпы дінге қалай келдіңіздер?
- Аллаға шүкір, дүниеге мұсылман болып келдік. Ал дінді қабылдаған жолдарымыз әр түрлі. Басымыздан киыншылық өткізіп, өмірден түңіліп дінге келмедік, тек өз таңдауымызбен тура жолға түстік. Ол да бір Алланың мейірімділігі. Мектепте оқып жүріп, исламға қатты қызығатынмын. Әр апта сайын имамдардың уағызын тыңдауды әдетке айналдырдым. Ол кездері мешіттер қазіргідей лық толы болмайтын. Соған қарамастан жиі барып тұратынмын. Ислам жайлы кітаптарды көп оқып, тереңірек түсіндім.
- Қалай ойлайсыздар, бүгінде қоғамдағы қызғану, көреалмау сияқты қасиеттерден қалай арылуға болады?
- Егер xадистерді тек оқып қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асырсақ, нәпсімізді жеңетін едік. Бірақ сол жағдайда да жоғарыда айтылған қасиеттерден мүлдем арылу мүмкін емес. Адам өз уақытын тығыздап, әрбір минутын дұрыс іспен өткізгені абзал.