С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханада «Қос тіл қос қанат» немесе «Два языка как два крыла» кітабының тұсаукесері өтті деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті қазақ және орыс ақындарының әдеби жинағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай жарыққа шықты. Құрастырушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сүлеймен Баязитов пен Павлодардағы орыс ақыны Ольга Григорьева. Жинаққа Павлодар ақындарының орыс тілінен қазақ және қазақшадан орыс тіліне жасалған аудармалары топтастырылған.
- Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына кішкентай болса да тарту жасағым келді. Ақын болған соң кітап шығарудан басқа не істейміз.Содан кейін ең әуелі ақын Ольга Григорьевамен ақылдаса отырып, басқа да орыстілді ақындарға аудармаларымызды топтастырып, бір кітап шығару туралы ұсыныс жасадым. Олар да құптады. Сонымен Ольга Григорьеваның, Елена Игнатовскаяның, Талғат Гариповтың және орыстың көрнекті шайыры Павель Васильевтің 70-тей өлеңін аудардым. Олар да өз кезегінде менің біртоп шығармамды орыс тіліне сөйлетті. Кітап 100 дана. Бұл тек өзіміздің қаражатымызға шығарылды. Алдағы уақытта демеушілер табылып жатса тағы да еселеп шығаруға болады, - дейді Сүлеймен Баязитов.
Жаңа туындының тұсаукесеріне павлодарлық ақын-жазушылар жиналып, авторларды жаңа еңбектерінің жарыққа шығуымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Тілеуберді Сахаба