Тұнғыштардың отаны саналған өлкеміз – Бөкей Ордасында санқилы тарихи оқиғалардың өткені белгілі. Солардың қатарында күні кешеге дейін жан-жақты жазылып та, айтылып та келген Кеңестер Үкіметінің 1917 жылы 2 желтоқсанында өлкемізде тұңғыш болып орнауы еді. Менің 1993 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің тарих және құқық факультетін бітірген кездегі жазған дипломдық жұмысымның негізгі тақырыбы мен басты бағыты «Бөкей Ордасындағы Совет үкіметінің орнауы және нығайуы» болатын. Бірақ одан бір жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 1917 жылы 21 сәуірде ұлт зиялыларының ұйымдастыруымен Бөкей Ордасы қазақтарының алғашқы съезі өткізіліп, сол съез шешімімен – «Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитеті» құрылған еді. Енді тарихымыздың осы әлі зерттеліп ашылмай жатқан «ақтаңдақ» беттеріне қолдағы бар мұрағат құжаттары мен сол оқиғаға қатынасқан адамдардың естеліктерін және кейбір зерттеушілердің еңбектерін пайдалана отырып, оқырман назарына жаңа қырынан ұсынуды жөн көрдім.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін патша тақтан тайдырылып, елдегі билік Уақытша Үкіметтің қолына көшкені белгілі. Бодандықтың бұғауының босаңсыған осы бір тұсында көкірегінде ұлттық намысы бар қазақ оқығандары қол қусырып отыра алмады. Ұлттық саяси-қоғамдық ұйым – қазақ комитеттерінің өмірге келуі, тұнғыш ұлттық саяси «Алаш» партиясының құрылуы мен автономия үшін күрес, Құрылтай жиналысына дайындық сияқты оқиғалалар тізбегі осы Ақпан төңкерісінен кейінгі қазақ зиялыларының атқарған шаралары болатын.
Ресей империясының басына келген Уақытша Үкімет алғашқыда ұлттық аймақтардың өзін–өзі билеу құқығын мойындап, барынша қолдау көрсеткенімен, іс жүзінде барлық ұлттық аймақтарда бұрыңғы патша үкіметінің басқару жүйелері сақталып қалды. Жергілікті жерлердегі бұрынғы патшалық әкімшілік құрлымдар Уақытша Үкіметтің жергілікті жерлердегі билік органдары болып танылып жатты. 1917 жылы Астраханда жұмысшылар мен солдаттардың қатынасуымен митинг өтіп, бұрынғы патша үкіметінің таратылуын талап етеді. Олар қалалық буржазия өкілдері мен эсер партиясы өкілдерімен бірлесе отырып казак генерал-майоры Ляховтың төрағалық етуімен губерниялық атқару комитетін құрып, Астрахан губерниясында және оның барлық аймақтарында Уақытша Үкіметтің билігін халық атынан өз қолдарына алғанын жариялайды. Осы комитеттің шешімімен Уақытша Үкіметтің Астрахан губерниясындағы комиссары болып, жергілікті казак корпусының генералы Бирюков тағайындалады. Соған сәйкес, ол Астрахан губерниясындағы Уақытша Үкіметтің саясатын жүргізіле бастаған болатын.
Бұл тұста Астрахан губерниясына қарап келген Бөкей Ордасында бұрынғы патшалық әкімшілік – «Уақытша Кеңес» басшылық ететін еді. Уақытша Үкіметтің Астрахан губерниясындағы комиссары Бирюков Бөкей ордасын басқаратын Уақытша Кеңестің төрағасы Подгорскийге жеделхат жолдай отыры, оның Уақытша Үкіметтің жергілікті жердегі комиссары болып тағайындалғанын соған сәйкес, жергілікті жерде сол үкіметтің саясатын жүргізуді хабарлайды. Соған орай, Бөкей ордасындағы бұрынғы Уақытша Кеңес ел ішіндегі Уақытша Үкіметтің жергілікті жердегі билігін атқаратын өкілетті органы болып танылды. Бірақ, қазақ даласындағы бүкілқазақттық съездер өткізу, онда болашақ қазақ елінің басшылық билігін айқындау жөніндегі өзекті мәселелер алда өткізілетін Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының еншісіне қалдырылғандықтан, комиссар Подгорский мен ол басқарған Уақытша Кеңес тарапынан қандай да бір нақты шаралар атқарыла қоймады.
Жалпы комиссар Подгорский қазақ даласындағы отаршылдық саясатты жүргізуші бұрынғы патша үкіметінің билік органының өкілі болғандықтан мұндай жаңа істерді жүргізуге мүдделі емес те болатын. Сондықтан, Бөкей ордасының жергілікті халқы тарапынан Астрахан губерниялық комиссары Бирюковқа комиссар Подгорскийді қызметінен босату, оның орнына басқа халыққа беделді адамды тағайындау жөнінде жазбалай арыздар түсіп жатқан еді. Осы жағдайларды тексеріп анықтау үшін Астрахан губерниялық комиссары Бирюков өзінің көмекшісі Абдолла Каримовты Бөкей ордасына жібереді. Ел ішіндегі шиеленісіп келе жатқан саяси жағдайлармен жіті танысып, тексерген Каримов комиссар Бирюковқа «Бөкей ордасының халқы Уақытшы Кеңесті мойындап отырған жоқ. Оның төрағасы Подгорскийді Уақытша Үкіметтің жергілікті жердегі комиссары етіп тағайындағанымыз біздің басты қателігіміз. Осындай келеңіздіктерді жою үшін комиссар Подгорскийді қызметінен алып, оның орнына қазақтардың ішінен беделді бір адамды тағайындау қажет. Ондай адам бұрынғы Дума депутаты Бақтыгерей Құлманов» деп жеделхат жолдайды. Осы хабарды алған комиссар Бирюков Подгорскийге тез арада қызметін тапсырып, Ордадан кетуін талап еткен екен. Соған орай, Уақытшы Кеңестің төрағасы Подгорский мен оның екі кеңесшісі Климов пен Болдырев қызметерінен шеттетіліп, Орданы тастап кетеді.
Бірақ, Бақтыгерей Құлманов жасының егде тартып шығармашылық жұмыспен отырып қалуына байланысты келісім бермей Уақытша Үкіметтің жергілікті жердегі комиссарлығына заңгер Батырхайыр Ниязов тағайындалады. Каримовтың комиссар Бирюковқа жолдаған келесі жеделхатында «Обьезжая степь, констатирую, что чувстуется уж абсолютное спокойствие и весьма радостное настроение. Везде эти несчастные, оплеванные, бесцеременно обобраные, забытые нуждой и унижением киргизы дали клятвенные слова сохранить должное спокойствие и выражали готовность всеми силами поддерживать новое правительство. Они ради устранению бывших руководителей, «виновников бесконечных зол» делінген екен. Мұрағат құжаттарынан куә болғандайымыздай, Бөкей ордасының зиялылары болашақта жоспарланған Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын күтіп отырмай-ақ, барлық қисымдары мен округтерінің делегаттары мен Ордадағы өзге ұлт пен ұлыстардың өкілдерінің қатынасуымен өздерінің сьезін өткізеді. Съез 1917 жылдың 21 сәуір күні Ордада басталған, сьезді, Уақытша Үкімет комиссары Батырхайыр Ниязов ашып, сьездің Президиум мүшелері болып: врач Мәжит Шомбалов, Қазан Университетінің студенті Шафхат Бекмұхамбетов, хатшылығына; мұғалімдер Сейтқали Меңдешов, Ғабдулғазиз Мұсағалиев сайланып, төрағалығына бірауздан заңгер Уалидхан Танашев сайланған. Съез, Президиум төрағасының ұсынысымен, молла ахун Қажығали Гайсиннің намаз оқуымен ашылып, онда азаттық жолында қаза болған азаматтарды еске алады. Сьезде Бөкей ордасы дәрігерлері атынан М.Шомбалов, Астрахан губерниялық атқару комитетінің атынан Конюхов, солдат Бударин, Орда мұғалімдері атынан Ш.Акбаев, Астрахан революцинер – офицерлері атынан подпоручик Львов, Астрахан мұсылмандар тобынан Каримов, Қазан мұсылмандары атынан Танашев, Хан Ордасы мұсылмандары екінші приходасынан Мусин құтықтау сөз алып, Торғай облысы қазақтары мен «Қазақ» газеты редакциясы ұжымының, Басқұншақ тұс өндіру промысылы қазақтарының құттықтау телеграммалары оқылған екен.
Сонымен бұл Бөкей қазақтарының сьезді өткізуі ондағы көздеген мақсаттары не еді? Кейбір зерттеушілеріміздің еңбектерінде келтіріліп жүргендей тек автономия құру мен шектеліп қалу ма еді?
Мұрағат құжаттары мен сол оқиғаны көзімен көріп, қатысқан ардагер ағаларымыздың еңбектерінен куә болғанымыздай, съезде алдымен бұрынғы Уақытша Кеңес таратылып, құрамы әр түрлі 14 әлеуметтік топ өкілінен жасақталған Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитеті құрылады. Комитет қазақ халқын басқарушы бұрынғы жоғарғы органын алмастыра отырып, өз ісін жеке жүргізуші орган болып танылған. Съез делегаттарының ұсынысымен, Орталық Комитетке жергілікті учаскелік, ұлыстық комитеттермен қатар, жергілікті өзін-өзі басқару, ауыл шаруашылығы, почта, қаржы, жер бағытында жүргізілетін жұмыстардың жобаларын әзірлеу және әр учаскелік комитеттерде милиция бөлімдерін құру мен басшыларын тағайындау және құрамын жергілікті халық саны мен аумағына байланысты айқындау жүктелген. Сонымен қатар, сьез делгаттары Орталық Комитетке жергілікті учаскелік, ұлыстық комитеттермен бірлесе отырып қазақ халқын болашақта өтетін Құрылтай жиналысына дайындау тапсырылған,бұл тұста сьез делегаттары болашақ Қазақ елін тең ұлттық Федеративтік Республика түрінде құрылуын қалаған. Осы сьезде Бөкей ордасы комиссары болып жоғарғы білімді, халық арасында беделі бар I Дума депутаты Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов сайланады. Халық санының көптігі мен жер көлемінің көптігіне байланысты оған көмекшілікке мұғалім Ишанғали Меңдыханов сайланады. Комиссар Б.Құлмановқа Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитетіне басшылық жасау жүктелген.Сонымен іс жүзінде бұл Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитеті аз уақыт өмір сүрсе де жеке дербес Үкіметі деңгейінде қызмет атқарған еді.Бұлай деуіміздің себебі ол тұста қазақ жерінің көп жерлерінде, атап айтқанда Орал, Торғай, Семей, Ақмола облыстарында қазақ сьездері өткенімен оларда қаралған мәселелер маңыздылығы жағынан Бөкей ордасы қазақтары сьезіндегі қаралып, қабылданған мәселелерден қалыс қалатын еді. Аталған облыстарда өткен сьездерінде Алаш зиялылары үшін бірден–бір ұлттық автономия жариялау, земство сайлауын өткізу, милиция жасақтарын құру сынды өзекті мәселелер қаралып қабылданғанымен, Уақытша Үкімет пен большевиктердің қатаң бақылауында болғандықтан оларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндіктері болған жоқ. Сонымен біргі, осы сьездерден кейін дүниеге келген қазақ комитеттерінің қолында қандай да бір билік пен күш болған жоқ, олар тек сол кездегі қазақ халқының мүддесін қорғау жөнінде құрылған қоғамдық ұйымдар болғандықтан көп жағдайда екі жақты Уақытша Үкіметтің жергілікті органдары большевиктердің ұйымдарына тәуелді болатын.
Ал Бөкей Ордасында жағдай бұлай болған жоқ, ел ішіндегі саяси, әлеуметтік өзге де жағдай толық ұлт зиялыларының қолында болды және солардың қадағалауымен өрбіді.Комиссар Б.Құлмановтың басшылығындағы Орталық Комитет алғашқы күннен елді ұлттық дербестік пен саяси тәуелсіздіккке қарай бұрған екен. Бұған осы Комитетті құру жөнінде өткен 1917 жылдың 21 сәуір күні сьездің қабылданған хаттамасының 10 бабындағы – «Центральный Комитет, заменяя высшие, местные органы прежнеге упрвления Киргизским народом, является учереждением самоотсвенным в делах управления Киргизским народом*»– деген жолдар дәлел бола алады.Тағы да бір оқиға, 1917 жылдың шілде айында Астрахан губерниялық жер комитеті мен Бөкей Ордасы Орталық Комитеті арасында жер дауы болып, сол жөнінде Астраханнан келген губерниялық комиссияға Бөкей Ордасы комиссарының көмекшісі И.Меңдыханов «Бөкей ордасы өз алдына бөлек бөлініп кеткенін, сондықтан да Астрахан губерниялық жер комитетінің билігі бұларға жүрмейтінін» мәлімдеген.Мұнан бұрынғы бір құжатта Бөкей Ордасының комиссары Б.Құлмановтың «ешкіммен санаспай, ешкімге бағынбай өз бетінше билік жүргізіп отырғанын. Өзінің Астрахан өлкелілік билігіне бағынбайтын мәлімдегені» көрсетіліпті. Осының өзінің, комиссар Б.Құлманов пен ол басшылық жасаған Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитеті өз алдына дербес Үкімет деңгейінде болған еді. Өкініштісі сол, Бөкей Ордасында құрылған бұл қазақ Үкіметінің тағдыры аса ұзақ болмады 1917 жылдың 1 желтоқсанынан 2 желтоқсанына қараған түні Ордада большевиктік ұйымның астыртын жиналысы өтіп, онда осы бір-ақ, Бөкей Ордасы қазақ Үкіметін құлату жөнінде мәселе талқыланыпты.Сол түні қарулы большевиктік ұйым мүшелерінің күшімен Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитеті құлатылып, барлық жерге тән билік большевиктердің қолына көшкен еді.Оған алғашында осы үкіметті құруға атсалысып кейін большевиктер жағына шығып кеткен Сейтқали Меңдешов, Нұғман.Залиев пен Астраханнан қарулы отряд бастап келген Сейдігерей Нұралиханов сынды зиялыларымыз да өз үлестерін қосқан еді.
Сонымен, бұл Бөкей Ордасы Орталық Атқару Комитеті сол кездегі қазақ даласындағы алғашқы құрылған Қазақ Үкіметі екенін және аз уақыт қызмет етсе де, қазақтардың өз алдына ешкімге тәуелді болмай өмір сүре алатынын дәлелдеп кетті.